32 жастағы Анна Ефименко жүктіліктің 32 аптасында жағдайы күрт нашарлап, Алматы қалалық перинаталдық орталыққа жатқызылған. Алайда көп ұзамай ақ халаттылар алдымен шақалақтың, кейін ананың қайтыс болғанын хабарлаған. Небәрі екі күннің ішінде жары мен ұлынан айырылған күйеуі аурухана жұмысына тексеріс жүргізуді талап етіп отыр. Себебі, дәрігерлердің ауызша айтқаны мен құжаттағы қорытындысы сәйкес келмейді дейді, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі “31-арнаға” сілтеме жасап.
Анна Ефименоконың ауруханаға түспес бұрын түсірілген соңғы суреттері қосағынан айырылған күйеуі мен анасын аңсаған 2 баласы үшін ең қымбат естелікке айналған. Айрандай ұйып отырған отбасының берекесі бір-ақ күнде шайқалды.
Мамыр айының басында 32 жастағы Анна жүктіліктің 32-аптасында аяқ астынан есінен танып, қайта-қайта құлай берген. Бастапқыда №4 перзентханаға жеткізілген келіншектің жағдайы күрт нашарлап, кейін Алматы қалалық перинаталдық орталыққа ауыстырылыпты. Дәл осы мекемеден айналдырған екі күннің ішінде екі бірдей қаралы хабар жетті.
– Түс ауа бізге медбике шығып, «Сәбиге қандай есім қояр едіңіздер?» деген сұрақ қойды. Сол сәтте-ақ нәрестені аман алып қалу мүмкін болмағанын іштей сездік. Бірақ ешкім ешнәрсе түсіндірген жоқ. Ұлым Совелийді жер қойнына тапсырғаннан кейін дәрігерлер жұбайымның қан кетуі күшейіп кеткенін айтып, шұғыл ота жасалып жатқанын жеткізді. Кейін ауруханаға барғанда дәрігерлер жұбайымның да көз жұмғанын хабарлады, – дейді марқұм Анна Ефименконың жары Алексей Ефименко.
Қан жұтқан жақындарының көкейінде күмән көп. Ақ халаттылардың ауызша айтқаны мен құжаттағы қорытынды қабыспайды дейді. Сондықтан тексеріс жүргізіліп, кінәлілердің жазаға тартылуын қалайды.
- Дәрігерлер берген құжатта нәрестенің өліміне гипоксия, яғни оттегі жетіспеушілігі себеп болғаны көрсетілген. Ал ауызша түсіндіру кезінде асфиксия деп айтылды. Мәйітханаға барған кезде Аннаның жатыры жоқ екенін білдік. Ота кезінде алып тастапты. Жатырға жүргізілген гистологиялық зерттеудің қорытындысында, ота кезінде тігістің кездейсоқ зақымданып, соның салдарынан қан кетті деп жазылды, – дейді марқұм Анна Ефименконың әпкесі Алена Градович.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлер жүкті науқасты аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады деп, өздеріне шаң жуытпады. Бірақ, шақалақ пен ананың нақты неден қаза тапқанын, қандай диагноз қойылғанын айтпады. Бұл дәрігерлік құпия деп отыр.
- Онда дереу дәрігерлік кансилиум өткізіліп, шұғыл емдеу диагностикалық шаралары жүзеге асырылып, қажетті медициналық мамандандырылған көмек көрсетілді. Өкінішке қарай, жүргізілген реанимациялық және қарқынды емдеу шараларына қарамастан, пациент пен баланы аман алып қалу мүмкін болмады, – деді Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Иманғаливева.
Қос қазаға қатысты сараптаманың жүріп жатқанына 1 айға жуықтады. Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғала ма, жоқ па, сарапшылар қорытындысынан кейін белгілі болмақ.