homepage
Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні

04.06.2026, 09:28

Қазақстанда 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтеді. Бұл күні ел азаматтары Ту, Елтаңба және Әнұранның маңызын тағы бір мәрте еске алып, тәуелсіздіктің басты белгілеріне құрмет көрсетеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы мен Елтаңбасы бекітілді.

Кейінірек, 2006 жылы қазіргі Мемлекеттік гимн қабылданды.

Ал 2007 жылы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң қабылданып, 4 маусым ресми түрде Мемлекеттік рәміздер күні болып белгіленді.

Көк байрақтың мәні қандай?

Қазақстанның Мемлекеттік туы көгілдір түсті матадан тұрады. Онда алтын түсті күн, қыран құс және ұлттық өрнек бейнеленген. Тудың авторы – суретші Шәкен Ниязбеков.

Көк түс бейбітшілік пен ашық аспанды білдірсе, күн – өмір мен берекенің, ал қыран еркіндік пен биік мақсаттардың символы саналады.

Қазақстанның көк байрағы бүгінде әлемнің ең биік шыңдарында, ғарышта және халықаралық спорт ареналарында желбіреп, еліміздің жетістіктерін танытып келеді.

Елтаңбадағы елдік идея

Мемлекеттік елтаңбаның авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Елтаңбаның ортасындағы шаңырақ – ортақ үй мен бірліктің белгісі. Ал қанатты пырақтар халықтың еркіндікке, дамуға және жарқын болашаққа деген ұмтылысын бейнелейді.

Елтаңбаның жоғарғы бөлігінде жұлдыз орналасса, төменгі жағында «Qazaqstan» жазуы бейнеленген.

Әнұран – ел рухының үні

Қазіргі Мемлекеттік гимн 2006 жылы қабылданды. Ол халық арасында кеңінен танылған «Менің Қазақстаным» әнінің негізінде жасалған.

Әнұран халықаралық кездесулерде, ресми шараларда және спорттық жарыстарда орындалады.

Әсіресе қазақстандық спортшылардың жеңісі кезінде шырқалған Әнұран әр азаматтың бойында мақтаныш сезімін оятады.

Рәміздерді құрметтеу – азаматтық парыз

Мемлекеттік рәміздер – ел егемендігінің, бірлігі мен тәуелсіздігінің айқын көрінісі. Сондықтан оларды құрметтеу әрбір азаматтың міндеті саналады.

Соңғы жылдары қазақстандықтарға Мемлекеттік туды тұрғын үйлердің қасбетіне немесе балконына ілуге мүмкіндік берілген. Дегенмен рәміздерді пайдалану кезінде олардың тазалығы мен бүтіндігін сақтау басты талап болып қала береді.

Ту, Елтаңба және Әнұран – жай ғана ресми белгілер емес. Олар халықтың тарихын, рухын және тәуелсіздігін бейнелейтін ұлттық құндылықтар. Сондықтан Мемлекеттік рәміздер күні – елдігімізді айшықтайтын қасиетті нышандарға құрмет көрсететін ерекше мереке.