Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жеңілдікпен әкелінген электромобильдерге қатысты жаңа талаптар күшіне енгенін хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомствоның мәліметінше, Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2026 жылғы 24 ақпандағы №35 шешіміне сәйкес, 2022 жылғы 28 наурыз бен 2025 жылғы 31 желтоқсан аралығында кедендік баждар мен салықтардан босатылып, Еуразиялық экономикалық одақ аумағына әкелінген электромобильдерге бірқатар шектеу қойылады.
Жаңа талап бойынша мұндай көліктерді Ресей Федерациясының азаматтарына немесе Ресейде тұрақты тұратын адамдарға иеленуге, пайдалануға не билік етуге беруге болмайды.
Аталған шектеу көлік құралы еркін айналымға шығарылған күннен бастап үш жыл бойы немесе кедендік баждар мен салықтар толық төленгенге дейін сақталады.
Егер электромобиль иесі үш жылдық мерзім аяқталғанға дейін көлікті сатуды, жалға беруді, сенімхат арқылы пайдалануға беруді немесе оған қатысты басқа да құқықтарды Ресей азаматтарына не Ресейде тұрақты тұратын тұлғаларға рәсімдеуді жоспарласа, алдымен барлық кедендік төлемдер мен салықтарды толық төлеуі қажет.
Мемлекеттік кірістер органдары азаматтарға электромобильдерді сату, жалға беру, сенімхат рәсімдеу және өзге де мәмілелер жасау кезінде осы талаптарды ескеруді ескертті.