Үндістан астанасы Делидің оңтүстігіндегі Малвия Нагар ауданында болған ірі өрт салдарынан кемінде 21 адам қаза тауып, ондаған адам түрлі жарақат алды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жергілікті билік пен бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, қайғылы оқиға 3 маусым күні көпқабатты ғимаратта орналасқан қонақүй мен мейрамхана кешенінде болған.
Алғашында өрт мейрамхананың жертөлесінен шықты деген ақпарат тарағанымен, кейін полиция тілсіз жаудың негізгі ошағы қонақүйде болғанын нақтылады.
Өрт жылдам таралып, ғимарат ішінде қалған адамдардың сыртқа шығуына мүмкіндік бермеген.
Куәгерлердің айтуынша, бірнеше адам қою түтін мен жалыннан қашып, жоғарғы қабат терезелерінен секіруге мәжбүр болған.
Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер ондаған адамды эвакуациялаған.
Ресми мәлімет бойынша, 40-тан астам адам құтқарылып, ауруханаға жеткізілген. Алайда олардың бір бөлігі ауыр жағдайда жатыр, сондықтан қаза тапқандар саны әлі де өсуі мүмкін деген қауіп бар.
Қаза болғандардың арасында шетел азаматтары бар
Үндістандық БАҚ-тың хабарлауынша, қаза тапқандар арасында Орталық Азия мен Африка елдерінің азаматтары бар. Кейбірі Делиге емделу үшін келген науқастардың туыстары болғаны айтылып отыр.
Алдын ала мәліметтер бойынша, өрт шыққан ғимаратта өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қатысты елеулі мәселелер болуы мүмкін. Бірқатар басылым қонақүй лицензияда көрсетілгеннен әлдеқайда көп бөлмені пайдаланған болуы ықтимал екенін жазды. Бұл деректер қазір тергеу барысында тексеріліп жатыр.
Оқиға орнына бірнеше өрт сөндіру бригадасы мен арнайы қызмет мамандары жұмылдырылды. Өрт бірнеше сағаттан кейін ғана толық бақылауға алынды.
Қазір өрттің нақты шығу себебі мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.