homepage
instagram/saktaganovnurymbet

ШҚО әкімі отставкаға өтініш берді

03.06.2026, 15:24

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өзінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін отставкаға кету туралы өтініш жазды. Алайда оның өтініші қанағаттандырылмай, әкім өз қызметінде қалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Лаура Жақыпова мәлімдеді.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес облыс әкімі өзіне тікелей бағынысты лауазымды тұлға сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған жағдайда отставкаға өтініш беруге міндетті.

«Нұрымбет Сақтағанов белгіленген тәртіппен отставкаға кету туралы өтініш тапсырды. Өтінішті қарау қорытындысы бойынша оның іске қатысы жоқ екені ескеріліп, отставканы қабылдаудан бас тарту туралы шешім қабылданды.

Облыс әкімінің қызметі әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарының барлығы бойынша штаттық режимде жалғасып жатыр», – деді Лаура Жақыпова.

Бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс әкімі оның орынбасары, аппарат басшысы немесе аудан әкімдерінің бірі сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасаған жағдайда отставкаға өтініш беруге міндетті екенін түсіндірген болатын.

Жақсылық Омар қандай айыппен сотталды?

Жақсылық Омар биыл сәуір айында Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен алаяқтық және пара алу фактілері бойынша кінәлі деп танылды.

Сот оны 6 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды. Сонымен қатар оған тиесілі Toyota Camry автокөлігі тәркіленді.

Тергеу материалдарына сәйкес, қылмыстық іс екі эпизодтан тұрған.

Бірінші эпизод бойынша, Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі болып тұрған кезде танысын кәсіпорын атынан демеушілік көмек ретінде автокөлік рәсімдеуге көндірген. Кейін бұл көлік үшінші тұлғалардың атына қайта рәсімделіп, trade-in бағдарламасы арқылы жаңа көлікке айырбасталған. Тергеу шығын көлемін 13 млн теңге деп бағалады.

Екінші эпизодта бұрынғы шенеунік қала әкімдігі қызметкерінен «жалпы қамқорлығы» үшін 20 млн теңге талап етті деген айып тағылған. Қызметкер бұл туралы ҰҚК-ге хабарлаған. Арнайы операция барысында күдіктіге параның алғашқы бөлігі – 6 млн теңге берілген.

Сот барысында Жақсылық Омар өз кінәсін толық мойындады. Соңғы сөзінде ол өзін бас бостандығынан айырмай, айыппұл тағайындауды сұраған. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Кейін ол апелляциялық шағым түсіргенімен, жоғары сатыдағы сот бірінші инстанция шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырды.