homepage
Аlmaty.tv

Шымкентте 11 жастағы баланы әкімдікке тиесілі жүк көлігі қағып өлтірді

03.06.2026, 14:49

Шымкентте 11 жастағы ұлды әкімдікке тиесілі жүк көлігі қағып өлтірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Балақай жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқанда ауыр техника жаншып өткен. Биыл 5-сыныпты бітірген Нұрасылдың жаназасы бүгін шығарылды.

Қайғылы жағдай қала шетіндегі Қайнарбұлақ саяжай алабында болған. Отбасындағы алты баланың екіншісі — Нұрасыл қарындасымен бірге балмұздақ алуға дүкенге шыққан.

Жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан баланы зулап келген «Хово» көлігі жаншып өткен. Денесі бөлініп қалған балақай сол жерде жан тапсырды.

Оқушыны қаққан жүк көлігінің жүргізушісі де есеңгіреп қалды, дейді куәгерлер.

Абай ауданы әкімдігінің комуналдық мекемесінде жұмыс істейтін жүргізуші бірден қамауға алынды, ал ауыр техника айып тұрағына қойылды.

— Шымкент қаласының Қайнарбұлақ шағынауданында жүк автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде кәмелетке толмаған баланы қағып кетті. 11 жастағы бала оқиға орнында көз жұмды.

Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр, – делінген Шымкент қаласы Полиция департаментінің хабарламасында.