homepage
Depositphotos.com

Мобильді аударымдарға тексеріс күшейді

03.06.2026, 14:22

Қазақстанның салық органдары мобильді аударымдар деректері негізінде күдік тудырған азаматтарға хабарламалар жібере бастады. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, банктерден алынған 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша мәліметтер сәуір айында салық органдарына түскен. Ал мамыр айынан бастап осы деректер өңделіп, азаматтарға «ескертпе хаттар» жіберіле бастаған.

Вице-министр бұл шара айыппұл салу емес, керісінше табысты дұрыс декларациялауға мүмкіндік беру екенін атап өтті.

Кімдерге хабарлама келеді?

Салық органдарының бақылауына бірнеше санаттағы азаматтар ілігеді:

  • Бірінші топ – жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ тұрақты түрде кәсіпкерлік табысқа ұқсас аударымдар алып жүрген жеке тұлғалар;
  • Екінші топ – жеңілдетілген салық режиміндегі жеке кәсіпкерлер. Олар жартыжылдық есеп тапсырады және анықталған сомаларды декларацияға енгізе алады;
  • Үшінші топ – жалпыға бірдей салық режиміндегі жеке кәсіпкерлер. Олар жыл соңында декларация тапсырады және табысты толық есепке қоса алады.

«Айыппұл жоқ, мақсат – ескерту»

Ержан Біржановтың айтуынша, қазіргі кезеңде салық органдары «сервистік модель» бойынша жұмыс істеп жатыр. Яғни, алдымен ескерту жасалады, кейін ғана қажет болған жағдайда шара қолданылады.

«Біз бұл табысты көріп отырмыз, декларация тапсыру мерзімі жақындап келеді. Сондықтан оны декларацияға енгізіңіздер. Егер жеке тұлға болсаңыз және тіркелмеген болсаңыз, тіркеуге тұрыңыздар», – деді вице-министр.

Оның айтуынша, әзірге ешбір азаматқа немесе жеке кәсіпкерге айыппұл салынған жоқ.

Қандай аударымдар тексеріледі?

Ресми ақпаратқа сәйкес, тексеріс барлық аударымдарға қатысты емес. Мониторингке тек белгілі бір тәуекел критерийлеріне сәйкес келетін жағдайлар енгізіледі.

Олардың қатарында:

  • 3 ай қатарынан 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша түсуі;
  • жалпы түсімнің 12 ең төменгі жалақыдан (1 020 000 теңгеден) асуы бар.

Салық органдарының мәліметінше, жеке тұлғаға жасалған қарапайым аударымдар (көмек, сыйлық, қарызды қайтару) салық салынатын табыс болып саналмайды. Ал тауар немесе қызмет үшін төлем ретінде алынған қаражат табыс ретінде қарастырылуы мүмкін.

Жеке шот пен кәсіпкерлік шотты бөлу талабы

Вице-министр жеке кәсіпкерлерге арналған маңызды талапты да еске салды. Оның айтуынша, кәсіпкерлік қызмет үшін бөлек банк шоты болуы міндетті.

«Егер сіз жеке кәсіпкер болсаңыз, кәсіпкерлік үшін жеке шот болуы керек. Жеке тұлғаның шоты арқылы кәсіпкерлік төлемдерді жүргізуге болмайды», – деді ол.

Салық органдарының түсіндіруінше, бұл шаралардың басты мақсаты – нақты кәсіпкерлікпен айналысып, бірақ табысын жасыратын тұлғаларды көлеңкеден шығару.

Сонымен қатар ведомство өкілдері бұл тексерістер кезең-кезеңімен жүргізілетінін және азаматтарға өз табысын дұрыс көрсетуге мүмкіндік берілетінін атап өтті.