Ішкі істер министрлігі интернеттегі алаяқтардың жасөспірімдерді банк карталары арқылы жүзеге асырылатын заңсыз қаржы схемаларына тартуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, мұндай жағдайлар көбіне мессенджерлерде, әлеуметтік желілерде немесе онлайн ойындарда келген қарапайым хабарламадан басталады.
Алаяқтар жасөспірімдерге «оңай ақша табуды» ұсынып, олардың банк картасына түскен қаражатты басқа шоттарға аударуды немесе қолма-қол ақшаға айналдыруды сұрайды. Алайда мұндай әрекеттердің артында заңсыз жолмен алынған қаражатты жасыру схемасы тұруы мүмкін.
Құқық қорғау органдарының түсіндіруінше, қылмыскерлер өздерінің ізін жасыру үшін «дроп» деп аталатын адамдарды пайдаланады. Бұл жағдайда ақша бірнеше бөгде шот арқылы өткізіліп, ал негізгі ұйымдастырушылар жауапкершіліктен жалтаруға тырысады.
ІІМ мұндай операцияларға байқамай қатысудың өзі ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Осыған байланысты министрлік азаматтарды, әсіресе жасөспірімдерді сақ болуға шақырады. Мамандар банк картасының деректерін, сондай-ақ банк қосымшаларына қатысты ақпаратты бөтен адамдарға бермеуге кеңес береді.
Сонымен қатар күмәнді «жеңіл табыс» туралы ұсыныстардан бас тартып, күдік туындаған жағдайда ата-аналарға немесе сенімді ересек адамдарға міндетті түрде хабарлау қажет.
ІІМ интернеттегі қауіпсіздік ережелерін сақтап, бейтаныс адамдардың қаржылық операцияларға қатысты ұсыныстарына сенбеуге шақырды.