homepage
Видеодан кадр

Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты: айыпталушы жазадан құтылып кете ме

03.06.2026, 12:16

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділов Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, жәбірленуші тараптың айыпталушымен татуласуы оны қылмыстық жауапкершіліктен босатуға негіз бола алмайды.

Мәжіліс кулуарында журналистер тараптардың татуласуы мен жәбірленушілердің жазаны жеңілдету туралы өтініші сотталушының жауапкершіліктен құтылуына әсер ете ме деген сұрақ қойған.

«Мүмкін емес», – деп қысқа жауап берді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, ішкі істер органдарының басты міндеті істі жан-жақты, толық әрі объективті тергеп, материалдарды қысқа мерзімде сотқа жолдау болған. Қазіргі таңда қылмыстық іс сот қарауына берілді.

Сонымен қатар Әділов қолданыстағы заңнамаға сәйкес ауыр санаттағы қылмыстар бойынша тараптардың татуласуы мүмкін еместігін атап өтті.

Алайда келтірілген материалдық және моральдық шығынның өтелуі, сондай-ақ жәбірленушілердің кешірімі жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілуі мүмкін.

Министрдің орынбасары алдағы рақымшылықтың да бұл іс бойынша айыпталушыға қолданылмайтынын мәлімдеді.

Үш адамның өмірін қиған апат

Еске салсақ, қайғылы жол апаты 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған.

Тергеу мәліметіне сәйкес, жоғары жылдамдықпен қозғалған Zeekr көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапты. Ал Zeekr жүргізушісі ауруханаға жеткізілген.

Кейін анықталғандай, көлік тізгінінде болған Александр Пак апат кезінде жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйде болған.

Оған Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша айып тағылды. Бұл бап мас күйінде жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған жағдайларға қатысты қолданылады. Заң бойынша мұндай қылмыс үшін 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Марқұмдардың туыстары кешірім берді

1 маусымда өткен сот отырысында қаза болғандардың туыстары айыпталушыны кешіргендерін мәлімдеп, оған шартты жаза тағайындауды сұраған. Сондай-ақ олар келтірілген материалдық шығынның толық өтелгенін айтқан.

Алайда заңгерлердің түсіндіруінше, бұл бап бойынша айыпталушыны жауапкершіліктен толық босатуға немесе шартты жаза тағайындауға заң мүмкіндік бермейді.

Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр. Айыпталушы алқабилер сотынан бас тартқандықтан, істі судья жеке-дара қарайды.