Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталды. Бұл ақпаратты Қостанай облысының прокуратурасы растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта Қостанай облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімі лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер өзге тұлғалармен алдын ала сөз байласып, білім бөліміне қарасты мектептерге бөлінген бюджет қаражатын жымқырған болуы мүмкін.
1 маусым күні тергеу аясында күдікті тұлғалардың тұрғылықты мекенжайлары мен жұмыс орындарында тінту жүргізілген. Сол күні Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі бойынша көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікпен білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева ұсталды.
Белгілі болғандай, Гүлсім Оразбаева Қостанай қалалық білім бөлімін 2023 жылдан бері басқарған.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу әрекеттері жалғасуда. Құқық қорғау органдары Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайтынын хабарлады.
Тергеу нәтижесі бойынша күдіктілердің әрекетіне құқықтық баға берілетін болады.