Қазақстанда қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтарға қатысты ауқымды рақымшылық жариялау жоспарланып отыр. Тиісті заң жобасы Мәжілісте талқыланып жатыр. Құжат қабылданса, жүздеген мың азаматтың айыппұлы кешіріліп, мыңдаған сотталушының жазасы жеңілдетіледі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ішкі істер министрінің орынбасары Абай Қайырбековтің айтуынша, биылғы рақымшылыққа алдын ала есеп бойынша 15 мыңнан астам сотталған адам ілігуі мүмкін. Оның ішінде 5 мыңнан астамы түрмеде жазасын өтеп жатса, шамамен 10 мыңы – пробациялық бақылауда жүргендер.
Министр орынбасарының айтуынша, өткен жылғы рақымшылық нәтижесінде 15 мыңнан астам адамның жазасы жеңілдетіліп, 2 300-ге жуық адам бостандыққа шыққан. Солардың сегізі ғана кейін қайта қылмыс жасап, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның мәліметінше, тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда рақымшылық 11-рет жарияланбақ. Алайда қайталап ауыр қылмыс жасаған адамдарға бұл жеңілдік қолданылмайды.
500 мың адамға әкімшілік рақымшылық жасалуы мүмкін
Ішкі істер министрінің тағы бір орынбасары Санжар Әділов әкімшілік рақымшылық Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 58 бабын қамтитынын айтты.
Жоспар бойынша:
Негізінен жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін салынған төленбеген айыппұлдар кешіріледі.
Сонымен қатар рақымшылық заңсыз есірткі және қару айналымына, сот шешімдерімен байланысты құқықбұзушылықтарға, қайталанған заңбұзушылықтарға, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректеріне және азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерге қолданылмайды.
Жалпы сомасы – 21,1 млрд теңге
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Сабит Нұрлыбайдың мәліметінше, рақымшылық жалпы саны 1,4 млн әкімшілік құқықбұзушылықты қамтуы мүмкін.
Олардың жалпы көлемі 21,1 млрд теңгені құрайды.
Соның ішінде:
Жеке сот орындаушыларының шығынын ешкім өтемейді
Заң жобасын талқылау кезінде депутат Қарақат Әбден рақымшылыққа байланысты жеке сот орындаушыларының шығынын кім өтейтіні туралы мәселе көтерді.
Бұл сұраққа жауап берген Абзал Құспан жеке сот орындаушыларының шығындары мемлекет есебінен де, азаматтар есебінен де өтелмейтінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, атқарушылық өндіріс туралы заңнамаға сәйкес мұндай шығындар іс толық аяқталғаннан кейін ғана өндіріліп алынады.
Ал рақымшылыққа жататын көптеген іс аяқталмағандықтан, бұл шығындарды өтеу қарастырылмаған.
Кімдер айыппұлдан босатылуы мүмкін?
Әкімшілік рақымшылық келесі санаттағы тұлғаларды қамтуы мүмкін:
Сонымен бірге соттар салған айыппұлдар мен азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін құқықбұзушылықтар бойынша салынған санкциялар кешірілмейді.
Депутаттардың айтуынша, заң қабылданған жағдайда ол бюджеттен қосымша қаржы бөлуді қажет етпейді және ел экономикасы мен әлеуметтік салаға теріс әсер етпейді.