Қазақстанда алғаш рет шетелдік донорлардан қаржы алған ұйымдар мен жеке тұлғалар туралы толық мәлімет жарияланды. Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылдың екінші жартысында сырттан түскен қаражаттың көлемін ғана емес, оны алған ұйымдардың атауын да ашық жариялады.
Ресми дерекке сәйкес, алты ай ішінде шетелден келген қаржы көлемі 12 миллиард теңгеден асқан. Бұл ақпарат Салық кодексі мен «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заң талаптарына сәйкес ұсынылып отыр. Билік мұндай қадам қаржы көздерінің ашықтығын арттырып, қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді деп түсіндіреді.
Тізімде құқық қорғау ұйымдары, медиа құрылымдар, зерттеу орталықтары мен қоғамдық қорлар бар. Қаржыландыру халықаралық қорлар, шетелдік мемлекеттік ұйымдар мен дипломатиялық өкілдіктер арқылы жүзеге асқан.
Ең көлемді қаржы адам құқықтары саласында жұмыс істейтін «Қазақстанның халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросына» бөлінген. Евгений Жовтис, Инга Иманбай секілді белсенділер қызмет ететін ұйым жарты жыл ішінде 350 миллион теңгеден астам қаражат алған. Донорлар қатарында Open Society құрылымдары, SIGRID RAUSING TRUST және National Endowment for Democracy ұйымдары көрсетілген.
Медиа бағытындағы қомақты қаржылай қолдау алғандардың бірі – MediaNet ұйымы. Ұйымға алты айда шамамен 300 миллион теңгеге жуық қаржы түскен. Қаржы бөлген тараптар арасында Open Society жүйесіне кіретін қорлар, European Endowment for Democracy, Жапониядағы THE NIPPON FOUNDATION ұйымдары бар.
Құқықтық саясатты зерттеу орталығы да ірі қаржы алушылар қатарына енген. Думан Нұрымов жетекшілік ететін ұйымға 284 миллион теңге бөлінген. Донорлар ретінде Еуропалық комиссия, АҚШ Мемлекеттік департаменті және журналистиканы дамыту бағытындағы халықаралық ұйымдар көрсетіледі.
Soros Kazakhstan қорының базасында құрылған CAPS Unlock қоғамдық қоры 175 миллион теңге көлемінде шетелдік қаржы алған. Ал PaperLab зерттеу орталығына шамамен 99 миллион теңге бөлінген, негізгі донорлар – National Endowment for Democracy мен Open Society Institute.
Сөз бостандығы мәселелерімен айналысатын «Әділ сөз» қоры да тізімге енді. Ұйым жарты жылда 97 миллион теңге алған. Оның негізгі қаржыландырушылары – Ұлыбритания және Нидерланды елшіліктері. Ал «Крылья свободы» қоры 61 миллион теңге көлемінде қолдау көрген. Бұл ұйымды қаржыландырғандар арасында Soros құрылымдары, Нидерланды елшілігі және АҚШ-тағы Institute for the Study of War бар.
Белсенді Бақытжан Төреғожина жетекшілік ететін «Ар.Рух.Хақ» ұйымына Ұлыбританияның Foreign, Commonwealth & Development Office мекемесі мен National Endowment for Democracy тарапынан 44 миллион теңге бөлінген.
Дегенмен жарияланған тізімде нақты жобалардың мазмұны, қаражаттың қандай мақсаттарға жұмсалғаны және түпкі бенефициарлар туралы толық мәлімет берілмеген. Осыған байланысты бірқатар сарапшылар мен қоғам өкілдері бұл ақпараттың да ашық жариялануын талап етіп отыр.