homepage

Қостанай облысында өрттен қаза тапқан 5 баланың анасы сотталды

Juzmedia. kz
Бүгін, 21:39

Қостанай облысы Жітіқара аудандық сотында өткен жылдың қазан айында жеке үйдегі өрт салдарынан қаза тапқан 5 баланың өлімі бойынша сот процесі аяқталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қайғылы оқиға салдарынан үйде болған 6 баланың бесеуі оқиға орнында қаза тауып, алтыншысы әупірімдеп аман қалған.

СОТТА НЕ АНЫҚТАЛДЫ?

Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінен хабарлағандай, сотталушы балаларын қараусыз қалдырып, үлкен ұлына үйдің іші салқындаған жағдайда пешке от салуды тапсырған.

Ал бала пеш жаққанда отын, көмір және тұрмыстық қоқыстарды жаққан, сондай-ақ пеш жанында белгісіз сұйықтық құйылған пластикалық бөтелкені отқа салған.

“Соның салдарынан пештегі жалын бірден өршіп, соңы өртке ұласқан. Өрт салдарынан бес бала қайтыс болды”, - делінген сот хабарламасында.

СОТТАЛУШЫНЫҢ КІНӘСІ

Сотталушының кінәсі оның мойындау айғақтарымен, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамасымен және сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденді.

Прокурор сотталушыға шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындады, істеген ісіне өкініп, жас баласы болына орай өзін бас бостандығынан айырмауды өтінді.

СОТ ШЕШІМІ

ҚР Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігінің санкциясы баламасыз жазаны – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

ҚК-нің 11-бабының 3-бөлігіне сәйкес жоғарыда аталған қылмыс абайсызда жасалған орташа ауыр қылмыстар санатына жатады.

Жазаны жеңілдететін жағдай - бұл шын жүректен өкінуі және жас баласының болуы, ауырлататын жайт анықталмаған.

“ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігіне сәйкес жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде жаза мерзімі ҚК-нің бабында көзделген ең жоғары мерзімнің 1/2-нен аспауға тиіс.

Осыған байланысты сот 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады және ҚК-нің 74-бабының негізінде жас баланың болуына байланысты жазаны орындау кейінге қалдырды”, - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.