Еңбек министрлігі Burger King-ке 1 млн теңге айыппұл салды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жеткізді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Еске салайық, осы жылдың ақпан айында әлеуметтік кәсіпкер Жанат Қаратай Алматыдағы Burger King мейрамханасында аутизм диагнозы бар 27 жастағы ұлы Әлібектің себепсіз жұмыстан шығарылғанын мәлімдеген еді. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, желі қолданушылары компанияны сынға алған. Кейін компания оқиғаға байланысты екі қызметкерін жұмыстан шығарғанын мәлімдеген.
Даудан кейін іске Еңбек министрлігі араласты. Министр Асқарбек Ертаевтың айтуынша, ведомство алдымен зардап шеккен тараптан ресми арыз күткен.
«Біз арыздың түсуін екі апта күттік. Әлеуметтік желіде үлкен дау болды, бірақ ресми шағым бірден түскен жоқ. Кейін ата-анасы хабарласып, арыз жазды. Тексеру нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, мекемеге бір миллион теңге айыппұл салынды әрі ескерту жасалды. Қазір мәселе реттелді», – деді министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы еңбек даулары туындаған жағдайда азаматтарды еңбек инспекциясына жүгініп, мәселені заңды тәртіппен рәсімдеуге шақырды.