homepage
фото: ТЖМ

Бес айда 13 апат: қазақстандық кәсіпорындарда апат неге жиі болады

02.06.2026, 13:36

2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстандағы ірі өндіріс орындарында 43 оқиға мен 13 апат тіркелді. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, апаттардың алтауы мұнай-газ, төртеуі тау-кен, үшеуі газбен қамту саласында болған. Қазір он оқиға бойынша тергеу аяқталса, «Востокцветмет» шахтасы мен «Қазмырыш» зауытындағы адам өліміне әкелген апаттарға қатысты тексеру жалғасып жатыр.

30 мамыр күні Шығыс Қазақстандағы «Востокцветмет» кәсіпорнына қарасты шахтада 45 жастағы кенші қаза тапқан болатын. Бұған дейін, 9 мамырда Артемьев шахтасында тағы бір жұмысшы биіктен құлап мерт болған.

Шыңғыс Әріновтің сөзінше, алдын ала болжам бойынша, шахтадағы аварияға тау-кен жұмыстарын жобалық талаптарды бұза отырып жүргізу және өндірістік жұмысты дұрыс ұйымдастырмау себеп болуы мүмкін.

Ал, Өскемен металлургия кешеніндегі «Қазмырыш» зауытында 5 мамырда болған ірі жарылыс салдарынан үш адам көз жұмған. Министрдің мәліметінше, оқиға технологиялық процестің бұзылуынан болуы ықтимал.

Тексеру барысында аталған нысандарда бірқатар өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталмағаны анықталған. Атап айтқанда, техникалық құжаттамалардың талапқа сай болмауы, құрылғылардың пайдалану мерзімін ұзарту сараптамаларының жүргізілмеуі, жобадан ауытқу, өндірістік бақылаудың әлсіздігі және тозған жабдықтың уақытылы жаңартылмауы тіркелген.

Министр тергеу аяқталғаннан кейін кәсіпорындарға қатысты тиісті шаралар қабылданатынын айтты.