homepage
Pixabay

АҚШ-та атыстан бір отбасының жеті мүшесі қаза тапты

02.06.2026, 12:21

АҚШ-тың Айова штатында болған қарулы шабуыл салдарынан кемінде жеті адам, оның ішінде күдікті де қаза тапты. Қайғылы оқиға Мускатин қаласында тіркелді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Полицияның алдын ала мәліметінше, атыс отбасылық жанжалдан туындаған болуы мүмкін. Қаза тапқандардың барлығы күдіктінің туыстары деп болжанып отыр.

Оқиға жергілікті уақыт бойынша түскі сағат 12:12 шамасында басталған. Полицияға тұрғын үйде атыс болғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары үйден оқ жарақатын алған төрт адамның мәйітін тапқан. Кейін тергеу барысында тағы екі адамның денесі басқа мекенжайлардан анықталған.

Күдікті ретінде 52 жастағы Райан Уиллис Макфарланд аталды. Ол оқиға орнынан кетіп қалғанымен, көп ұзамай полиция оны қаладағы жаяу жүргіншілер жолының маңынан тапқан. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адам өзіне оқ атып, кейін көз жұмған.

Тергеу барысында қаза болғандардың бәрі күдіктінің туыстары болуы мүмкін екені анықталды. Жергілікті полиция бұл оқиғаны «қоғамды есеңгіреткен қайғылы жағдай» деп бағалап отыр.

БАҚ мәліметінше, құрбандар арасында мектеп жасындағы балалар мен білім беру мекемелерінің қызметкерлері де бар. Алайда олардың есімдері әзірге жарияланған жоқ.

АҚШ-та қаруға қатысты қылмыс мәселесі соңғы жылдары өзекті күйінде қалып отыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай оқиғалардың едәуір бөлігі отбасылық жанжалдардан немесе тұрмыстық кикілжіңдерден бастау алады. Ал Мускатинде болған бұл қанды оқиға штат тарихындағы ең ауыр қылмыстардың бірі ретінде бағаланып отыр.

Қазіргі уақытта полиция бірнеше жерде жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.