homepage
inbusiness.kz

Ақылы жолдағы антирекорд: бес айда 59 мың ғана көлік жүрген

02.06.2026, 12:58

Жыл басынан бері ақылы жолдар арқылы 28 миллионнан астам көлік жүріп өткен. Ең жоғары көрсеткіш Алматы – Қонаев бағытында, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

“ҚазАвтоЖол” хабарлауынша, қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы ұзындығы 4 883 шақырым болатын республикалық маңызы бар 26 ақылы жол учаскесі жұмыс істейді. Көлік қозғалысының ең жоғары қарқыны ірі қалаларды, шекаралық бекеттерді, өндірістік және туристік аймақтарды байланыстыратын бағыттарда тіркелген.

Статистика бойынша, Алматы – Қонаев тасжолымен жыл басынан бері 4,3 миллионнан астам көлік жүрген. Одан кейінгі орындарда Шымкент – Өзбекстан шекарасы (3,7 млн) және Шымкент – Тараз (2,5 млн) бағыттары орналасқан.

Сондай-ақ ең көп пайдаланылатын жолдардың қатарына Тараз – Қайнар (2,1 млн), Шымкент – Қызылорда (1,8 млн), Қонаев – Талдықорған (1,4 млн), Астана – Теміртау (1,4 млн) және Астана – Щучинск (1,3 млн) учаскелері енді.

Мамандар мұндай жоғары көрсеткіштерді жолаушылар және жүк тасымалы көлемінің артуымен, сондай-ақ бұл бағыттардың өңіраралық және халықаралық көлік қатынасындағы маңызды рөлімен байланыстырады.

Ал қозғалыс ең аз тіркелген бағыттар қатарында Үшарал – Достық және Бейнеу – Ақжігіт жолдары бар. Соңғы учаскеде жыл басынан бері 59 мың ғана жол жүру тіркелген.