Қытайда Қазақстан азаматы Махмұтхан Шерназаров адам өліміне әкелген жанжалға қатысы бар деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, оқиға Қытайдың Гуандун провинциясында болған.
Жанжал салдарынан Қытай азаматы көз жұмған. Осыдан кейін 1996 жылы туған қазақстандық құқық қорғау органдары тарапынан қамауға алынған.
Ведомствоның хабарлауынша, Қытайдың Гуандун провинциясының қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бұл туралы Қазақстанның Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығына ресми хабарлама жолдаған.
Қазіргі уақытта Қазақстан тарапы істің мән-жайын анықтау үшін Қытайдың құзырлы органдарына тиісті сұрау салулар жіберген.
Сонымен қатар қазақстандық дипломаттар ұсталған азаматтың туыстарымен тұрақты байланыс орнатып, консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Іс ҚР Сыртқы істер министрлігінің бақылауында екені айтылды.
Ал әлеуметтік желіде тараған жазбада Махмұтхан Шерназаровтың жақындары оның Қытайға жұмыс істеу үшін барғанын және жанжал кезінде бірнеше адамның шабуылынан қорғанғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, оқиғаның бейнежазбасы бар. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Қытай тарапы қазақстандықты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен тергеп жатыр.