homepage
Depositphotos.com

Қарағанды мен маңғыстаулықтар зиянды өндірісте көп жұмыс істейді

02.06.2026, 10:48

Қазақстанда бүгінде 479 мыңға жуық адам зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейді. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрдің айтуынша, зиянды жұмыстармен айналысатын қызметкерлердің ең көп бөлігі Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында шоғырланған. Бұл өңірлерде тау-кен өндірісі, металлургия, мұнай-газ және өнеркәсіп салалары кеңінен дамыған.

«Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, оның ішінде олардың қызметін заңдастыру және сақтандыру жүйесімен қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру арқылы әлеуметтік қорғау жөніндегі жұмыс шеңберінде 118 мың кәсіпорын қамтылды. 19 мың ұжымдық шарт цифрландырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп», — деп атап өтті министр.

Жыл басынан бері еңбек заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында 170 профилактикалық тексеру және 2,4 мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 2,8 мыңға жуық заң бұзушылық анықталып, жұмыс берушілерге 1630 міндетті нұсқама берілді. Сонымен қатар 532 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Министрліктің мәліметінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалған. Ал өндірістегі қауіпсіздік көрсеткіштері де жақсара бастаған. Биыл өндірістегі жазатайым оқиғалар саны өткен жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға, ал адам өліміне әкелген оқиғалар 7,9 пайызға төмендеген.

Дегенмен өндірістік жарақаттану мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Әсіресе тау-кен және металлургия салаларында қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесі қоғам назарында. Сондықтан Үкімет еңбек жағдайын жақсарту мен өндірістегі қауіпсіздікті күшейту жұмыстарын жалғастырмақ.