homepage
Depositphotos.com

Көкшетауда әлеуметтік тұрғын үй құрылысына бөлінген 211 млн теңге жымқырылған

02.06.2026, 10:19

Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Көкшетау қаласында әлеуметтік тұрғын үй құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу мәліметінше, 2021 жылдың желтоқсанында Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі мен «Айдана-ИК» ЖШС арасында әлеуметтік осал топтарға арналған көпқабатты тұрғын үйлер салуға 1 млрд теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалған.

Алайда мердігер компания аванстық төлем алу үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруға қатысты жалған құжаттар ұсынған деген күдікке ілінді. Соның негізінде компанияға бюджеттен 211 млн теңге аударылған.

Соған қарамастан құрылыс жұмыстары толық аяқталмай, тұрғын үйлер пайдалануға берілмеген. Тергеу нұсқасына сәйкес, бөлінген қаражаттың бір бөлігі жеке қажеттіліктерге жұмсалып, контрагенттермен есеп айырысуға және қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.