Калифорнияның оңтүстігіндегі алапат өрттен кем дегенде 25 адам қаза тапты, сондай-ақ ондаған адам із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
13 АДАМ ІЗ-ТҮЗСІЗ ЖОҒАЛЫП КЕТТІ
Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлады.
“17 адамның өлімі Пасадена маңындағы өртпен байланысты, 8 адам Пасифик-Палисейдс аймағындағы өрт салдарынан қаза тапты”, - делінген хабарламада.
Лос-Анджелес полиция департаментінің өкілі Стив Эмбрич баспасөз мәслихатында аймақта тағы 13 адамның із-түзсіз жоғалып кеткенін мәлімдеді, бірақ олар қаза тапұқандар санатына әлі кірген жоқ.
ПАСИФИК-ПАЛИСЕЙДСТЕ 14 АДАМ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ
Полиция Пасифик-Палисейдстегі өртке қатысты 14 адамды, оның ішінде өрт қойды деп күдікке ілінген үш адамды қамауға алды. Қамауға алынғандар ішінде коменданттық сағатты бұзды, өзін өрт сөндіруші немесе полиция қызметкері деп таныстырып жұртты алдады, вандализм және тонау әрекеттерін жасады деп айыпталғандар бар.
“Өзгенің дүние-мүлкін тонау – тек меншікке қарсы қылмыс емес, ол эвакуацияланған тұрғындарды қауіпсіздік сезімінен де айырады, сондықтан бұған жол беруге болмайды”, - деді Эмбрич.
Бірнеше күн бұрын полицейлер тонаушылардың кесірінен өрт шыққан аймақтарда сағат 18.00-ден таңғы 6.00-ге дейін коменданттық сағат енгізді.
Дегенмен Лос-Анджелес билігі өртпен күресте алға жылжу барын айтты. Атап айтқанда, Пасифик-Палисейдстегі өрт 14 пайызға ауыздықталды, Посадена маңындағы өрт 33 пайызға бақылауға алынды.
БАЙДЕН ӨРТ АУМАҒЫН «АПАТТЫ АЙМАҚ» ДЕП ЖАРИЯЛАДЫ
АҚШ президенті Джо Байден зардап шеккендерге федералды көмек көрсету үшін Калифорниядағы орман өрттерін «апат аймағы» деп жариялады.
Пентагон баспасөз хатшысының орынбасары Сабрина Сингх Калифорнияға өртпен күресу үшін қосымша күштер мен техника жіберілетінін айтты. Оның айтуынша, өртпен күресті қазіргі ауа райы қиындатып отыр, қатты жел салдарынан өртті авиацияның көмегімен сөндіру мүмкін болмай отыр.
Бұған дейін Лос-Анджелестегі өрттен 11 адам қаза тапқанын жазған болатынбыз.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.