homepage
AFP

Бір адам қаза тапты: Францияда жаппай тәртіпсіздік кезінде 780 адам ұсталды

31.05.2026, 17:40

Франция астанасы Парижде кеше УЕФА Чемпиондар лигасында «Пари Сен-Жермен» клубының жеңісінен кейін басталған тәртіпсіздіктер жалғасып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Le Monde басылымы жазғандай, ел бойынша 780 адам ұсталған, бір адам қаза тапқан, бірнеше адам жарақат алған.

 Франция Ішкі істер министрі Лоран Нуньестің айтуынша, қаза болған адам Париждің айналма автожолында мотоцикл апаты кезінде көз жұмған.

Тәртіпсіздіктер Францияның кемінде 15 қаласын қамтыған. Ұсталғандардың 457-сі футбол жанкүйер мен бұзақылыққа қатысы бар адамдар болған, оларр қамауға алынды.

Қақтығыстар барысында 219 адам, оның ішінде полиция қызметкерлері де бар, түрлі жарақат алған.

Қазіргі уақытта тәртіпті сақтау үшін Парижде шамамен 6 мың полиция қызметкері мен жандарм жұмылдырылған. Олар ПСЖ-ның тарихи жеңісіне байланысты ұйымдастырылып жатқан мерекелік іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.

Команданың Будапешттен Парижге келген соң Марс алаңында жанкүйерлер мен команда қатысатын салтанатты шеру өтеді.

Эйфель мұнарасының етегіне шамамен 100 мың адам жиналады деп болжанып отыр.

Кейін футболшыларды Франция президенті Эммануэль Макрон қабылдайды.

Мерекелік шаралар кешке қарай ПСЖ-ның үй стадионы «Парк де Пренс» аренасында жалғасады. Онда клубтың Чемпиондар лигасындағы жеңіс кубогы жанкүйерлерге таныстырылады.