homepage
instagram.com/qazathletics

Азия чемпионы атанды: Қазақстан спортшысы ұлттық рекорд орнатты

31.05.2026, 16:57

Гонконг қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетикадан 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық Максим Сажнев тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ҚР Жеңіл атлетика федерациясынан хабарлағандай, 17 жастағы спортшы диск лақтыру сайысында 60,45 метр нәтиже көрсетіп, құрлық біріншілігінің алтын медалін жеңіп алды. Осылайша ол барлық қарсыластарын басып озып, Азия чемпионы атанды.

Жарыс барысында Максим Сажнев өзінің нәтижесін кезең-кезеңімен жақсартып отырды. Алғашқы мүмкіндіктерінде 45,67 метр көрсетсе, кейінгі лақтыруларында 60,45 метрге дейін жетіп, чемпиондық атақты иеленді.

Бұл көрсеткіш жас спортшының жеке рекорды ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның 20 жасқа дейінгі спортшылары арасындағы жаңа ұлттық рекорд ретінде тіркелді.

Максим Сажневтің жеңісі Қазақстан құрамасының қоржынына аталған Азия чемпионатындағы алғашқы алтын медальді салды.

Жас чемпионды жарысқа бапкері Руслан Омаров дайындаған. Спортшы мен оның жаттықтырушысы Азия чемпионатындағы жарқын жеңісі үшін көпшіліктің құттықтауына ие болуда.