Соңғы 12 айда қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарына есептелген инвестициялық табыс 2,1 трлн теңгеден асты. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мәліметке сәйкес, 2025 жылдың мамыры мен 2026 жылдың сәуірі аралығында Қазақстан Ұлттық банкінің басқаруындағы зейнетақы активтері бойынша шамамен 2 трлн теңге инвестициялық кіріс түскен. Осы кезеңдегі табыстылық 8,57 пайызды құрады. Ал жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары есебінен алынған инвестициялық кіріс көлемі 108,2 млрд теңгеге жетіп, табыстылығы 17,49 пайыз болған.
Сарапшылар инвестициялық табыс көлемі қаржы нарығындағы жағдайға, валюта бағамдарының өзгеруіне және инфляция деңгейіне байланысты құбылып отыратынын атап өтті. Биылғы жылдың басынан бері кірістіліктің төмендеуіне теңгенің АҚШ долларына қатысты нығаюы әсер еткен. Осы кезеңде доллар бағамы 505,53 теңгеден 462,91 теңгеге дейін төмендеген.
Соған қарамастан, ұзақмерзімді көрсеткіштер оң нәтижені көрсетіп отыр. Мәселен, 1998 жылдан бері жинақталған инвестициялық кірістілік 1060,2 пайызды құраса, осы кезеңдегі инфляция деңгейі 979,4 пайыз болған.
БЖЗҚ мәліметінше, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Ұлттық банк тапқан таза инвестициялық кіріс көлемі 10,2 трлн теңгеге жеткен. Бұл барлық зейнетақы жинақтарының шамамен 40 пайызына тең.
Қор салымшыларға өздерінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинет немесе мобильді қосымша арқылы бақылауға болатынын еске салды.