Қаржылық алаяқтық көбіне қарапайым телефон қоңырауынан, хабарламадан немесе SMS-тен басталады,деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Fingramota.kz жазуынша, мамандардың айтуынша, алаяқтар әсіресе егде жастағы адамдарды нысанаға алады, өйткені олар ресми қоңыраулар мен хабарламаларға көбірек сенеді.
Алаяқтар қарт адамдарды қалай алдайды?
Ең көп таралған алаяқтық тәсілдерінің бірі – өзін банк немесе қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстыру. Қаскөйлер шотқа қауіп төніп тұрғанын айтып, карта деректерін, SMS-кодтарды сұрайды немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді. Алайда банктер ешқашан мұндай мәліметтерді телефон арқылы талап етпейді.
Сондай-ақ алаяқтар мемлекеттік органдардың атын жамылып, зейнетақыны қайта есептеу, айыппұл төлеу немесе деректерді растау қажеттігі туралы жалған хабарламалар жібереді.
Мұндай хабарламалардағы сілтемелер көбіне жалған сайттарға апарады.
«Туысыңыз қиын жағдайға тап болды»
Тағы бір кең таралған схема – «туысыңыз қиын жағдайға тап болды» деген қоңыраулар. Алаяқтар жақын адамның апатқа ұшырағанын немесе құқық қорғау органдарына түскенін айтып, шұғыл ақша аударуды сұрайды.
Бұдан бөлек, қарттарға жоғары табыс уәде ететін жалған инвестициялық жобалар ұсынылады.
Мамандар тәуекелсіз әрі кепілдендірілген жоғары пайда туралы ұсыныстарға сенбеуге шақырады.
Сарапшылар күмәнді қоңырау немесе хабарлама алған жағдайда асығыс шешім қабылдамай, ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ туыстарымен ақылдасып, бейтаныс адамдарға жеке және банк деректерін бермеу маңызды.