Астанада қоғамдық тәртіпті бұзған ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қалалық полиция мәліметінше, әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында жолаушылар автобусының ішінде өзін дөрекі ұстаған азаматтың бейнежазбасы анықталған.
Кадрларда ер адамның телефонмен сөйлесу кезінде қатты айқайлап, балағат сөздер айтқаны көрінеді.
Тәртіп сақшылары құқық бұзушының жеке басын анықтап, оны аудандық полиция басқармасына жеткізген. Ол 51 жастағы елорда тұрғыны болып шықты.
“Аталған дерек бойынша ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 15 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды”, – делінген хабарламада.
Полиция қоғамдық орындарда тәртіп сақтау әр азаматтың міндеті екенін еске салды.
Сондай-ақ тұрғындарды қоғамдық әдеп нормаларын сақтауға, айналасындағыларға құрметпен қарауға және құқықбұзушылықтарға жол бермеуге шақырды.