Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғарғы 140 балл жинаған түлектерді ешкім қосымша тексермейді. Ұлттық тестілеу орталығының мамандары осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі “7-арнаға” сілтеме жасап.
Соңғы кезде жоғары балл жинаушы қатары көбейді деп Мәжіліс депутаттары күмән келтірген еді. Бәсеке бар жерде білім де, талас пен тарыс та болады. Ата-аналары да тағдыршешті сәтке қатты алаңдап, балаларының дайындығына аса мән береді. Әркім мүмкіндігіне қарай жағдай жасап, курс сатып алады.
«Сондықтан түлектердің ҰБТ-дан сүбелі нәтиже көрсетуі заңды», - дейді мамандар.
Айгерім ҰБТ-ға анасымен бірге келіпті. «Алтын белгіге» үміткер түлек соңғы екі айда емтиханға дайындалу үшін жеделдетілген курстарға қатысқанын айтады.
Оның айтуынша, бүгінде көптеген түлек мектептегі тегін дайындықпен шектелмей, қосымша репетитор жалдап, ақылы курстарға барады.
“Негізі мектепте пән мұғалімдері дайындық жүргізді, бірақ заман талабына сай, бәсекелестік өте жоғары болғандықтан, балалар қосымша білім алғылары келеді. Мысалы, қазір қызым JUZ40-та оқып жатыр, екі ай ғана қосымша сабақ алып, дайындалды”, – дейді қала тұрғыны Аерке Шайза.
Бәсеке бар жерде білім де, талас пен тарыс та болады. Соңғы кезде жоғары балл жинаушы қатары көбейді деп күмәнданған Мәжіліс депутаттарына сала мамандары осындай жауап айтты. Өйткені ата-аналар да тағдыршешті сәтке қатты алаңдайды. Балаларының дайындығына аса мән береді.
“Бірнеше себеп бар. Қазақстанда бәсекелестік көп. Осы жылы 200 мыңнан астам түлек бітіреді, ал грант саны – небәрі 70-80 мың. Сондықтан жүйелі дайындық керек. Мысалы, Қазақстан тарихынан мектепте бір баспамен оқысақ, курста екі баспаны қамтимыз. Өйткені екеуі тестілеуде қатар жүреді. Маркетинг те рөл ойнайды, өздерін жарнамалайды, рекордсмендерге сыйлық береді. Соған жасөспірім болған соң қызығамыз”, – деді мектеп түлегі Айгерім Шарилан.
Ұлттық тестілеу орталығы өкілдерінің айтуынша, жоғары нәтиже көрсету үшін міндетті түрде ақылы курсқа қатысудың қажеті жоқ. Орталық талапкерге тегін дайындалуға мүмкіндік беретін оқу материалдары мен жеке кабинет арқылы тақырыптық талдау ұсынады.
“Қазіргі таңда Ұлттық біріңғай тестілеудің нәтижесі бойынша бір талапкер 140 балл алды. Бірақ біз талапкерлердің ешқайсысынан дайындық курстарын оқуын талап етпейміз. Бұл – талапкердің және ата ананың өз шешімі. Сонымен қатар Ұлттық біріңғай тестілеу мемлекеттің жалпыға міндетті білім беру стандарттарының және Оқу ағарту министрлігі бекіткен оқулықтарға сәйкес жүзеге асырылады”, – деді Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова.
Биыл негізгі ҰБТ-ға 200 мыңнан астам талапкер қатысып жатыр. Ал білім гранттарының саны – шамамен 75 мың. Бәсекелестік күшейген сайын ақылы дайындық орталықтарына сұраныс та артып келеді. Дегенмен мамандар жоғары нәтижеге жетудің басты кепілі жүйелі дайындық пен сапалы білім екенін айтады.