homepage
Reuters

АҚШ-та химиялық зауытта апат болып, 11 адам қаза тапты

31.05.2026, 11:39

АҚШ-тың Вашингтон штатындағы Лонгвью қаласында орналасқан қағаз-целлюлоза зауытында болған өндірістік апат салдарынан қаза тапқандар саны 11 адамға жетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Reuters мәліметінше, құтқарушылар бұған дейін із-түзсіз жоғалды деп саналған тоғыз адамның мәйітін тапқан. Осылайша, апат құрбандарының жалпы саны 11 адам болды.

Қайғылы оқиға 26 мамырда Nippon Dynawave Packaging кәсіпорнында тіркелген. Зауыт аумағындағы химиялық ерітінді сақталған ірі резервуар жарылып кеткен. 

Резервуарда қағаз өндірісінде қолданылатын натрий гидроксиді мен натрий сульфидінен тұратын «ақ сілті» ерітіндісінің шамамен 3,4 млн литрі болған.

Жергілікті билік өкілдерінің хабарлауынша, төгілген химиялық заттардың бір бөлігі Колумбия өзеніне түскен. Алайда әзірге Лонгвью қаласының ауасынан немесе ауыз суынан адам денсаулығына қауіп төндіретін өзгерістер анықталмаған.

Оқиғаның себептері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Nippon Dynawave Packaging компаниясы – жапониялық Nippon Paper Industries корпорациясының еншілес кәсіпорны.