homepage
instagram.com/112_aktau

Ақтауда ата-аналар арнайы орталықтағы ерекше балалардың соққыға жығылғанын мәлімдеді

31.05.2026, 11:25

Ақтаудағы №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тәрбиеленіп жүрген төрт жастағы баланың денесінен көгерген және тырналған іздер анықталды. Оқиғадан кейін ата-анасы құқық қорғау органдарына шағым түсіріп, мекеме қызметіне қатысты тексеру басталды,  деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Баланың анасының айтуынша, ұлы орталыққа шамамен бір айдан бері барып жүрген. 27 мамыр күні кешке үйіне алып кеткен кезде оның арқасында көгерген жерлер мен тырналған іздерді байқаған. Алайда ата-аналардың сөзінше, орталық қызметкерлері бұл жағдай туралы тек келесі күні ғана хабарлаған.

Lada.kz жазуынша, ата-аналар мекеме басшылығынан түсініктеме талап еткен. Орталық өкілдері баланың дәрігерлер қарауынан өткенін және жағдайының қалыпты екенін айтқанымен, медициналық қорытындыны көрсетпеген.

Кейін ата-аналар полиция мен прокуратураға арыз жазған. Анасының айтуынша, баланың жарақатын басқа тәрбиеленуші салуы мүмкін деген болжам айтылған. Сондай-ақ олардың алаңдаушылығын әртүрлі жастағы балалардың бірге қараусыз қалуы және мекемедегі санитарлық жағдай туғызған.

Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы оқиғаны растады. Ведомствоның мәліметінше, оқиға күні кезекші қызметкер өз міндетін тиісті деңгейде орындамағандықтан, балалар бақылаусыз қалған. Бұдан бөлек, мекеме басшылығы мен ата-аналарға жағдай дер кезінде хабарланбаған.

Осыған байланысты қызметтік тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды.

“Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және жауапты тұлғалардың әрекеті жан-жақты зерттеліп жатыр”, – делінген хабарламада.

Ал Маңғыстау облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. Тергеу нәтижесінде мекеме қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға берілмек.