homepage
Depositphotos.com

KAZ Minerals шахтасында тағы бір жұмысшы қаза тапты

31.05.2026, 10:27

Шығыс Қазақстан облысындағы «Шығыстүстімет» ЖШС-не қарасты Артемьев шахтасында қайғылы оқиға болды. 30 мамырда кешкі сағат 20:30 шамасында тау жынысының опырылуы салдарынан кәсіпорын жұмысшысы қаз тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Компания мәліметінше, оқиға болған учаскедегі барлық жұмыс дереу тоқтатылған.

“Жазатайым оқиға орын алған учаскедегі барлық жұмыстар дереу тоқтатылды. Оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтау мақсатында құзыретті мамандар мен уәкілетті органдар өкілдерінің қатысуымен тергеу басталды”, – делінген хабарламада.

KAZ Minerals басшылығы марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Компания үшін оқиғаның нақты себептерін анықтап, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу басты міндет екені айтылды.

Сондай-ақ KAZ Minerals тобының басқарма төрағасы Андрей Третьяков арнайы комиссия мүшелерімен тұрақты байланыста болып, оқиға орнына аттанғаны хабарланды.

Айта кетейік, бұл Артемьев шахтасындағы биылғы мамыр айында тіркелген екінші өлім жағдайы. Бұған дейін 9 мамырда жөндеу жұмыстары кезінде шаң-сору және желдету қызметінің механигі шамамен тоғыз метр биіктіктен құлап, алған жарақатынан көз жұмған болатын.