homepage
Pixabay

Қазақстанда жәрдемақы төлеу тәртібі жаңартылады: не өзгереді

30.05.2026, 17:47

Қазақстанда бала тууға байланысты берілетін жәрдемақылар мен бірқатар әлеуметтік төлемдерді тағайындау және төлеу қағидаларына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Тиісті бұйрық жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Өзгерістер бала тууға байланысты берілетін жәрдемақыға, бала күтімі төлемдеріне, көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне төленетін төлемдерге, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен І топтағы мүгедектігі бар азаматтарға күтім жасайтын адамдарға қатысты болады.

Министрліктің мәліметінше, құжат 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция талаптарына сәйкес әзірленген.

Жәрдемақы көлемі өзгермейді

Ведомство қазіргі кезеңде әлеуметтік төлемдердің мөлшерін немесе оларды алу шарттарын қайта қарау көзделмегенін атап өтті. Ұсынылып отырған түзетулер негізінен құқықтық және техникалық сипатқа ие.

Жоба аясында қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер жаңартылып, жаңа конституциялық нормаларға сәйкестендіріледі.

Қоғамдық талқылау 2026 жылғы 15 маусымға дейін жалғасады. Ал Президенттің 17 наурыздағы №1206 Жарлығына сәйкес мемлекеттік органдар барлық нормативтік-құқықтық актілерді жаңа Конституция талаптарына 1 шілдеге дейін сәйкестендіруі тиіс.

Әзірге жәрдемақы алушылар үшін ешқандай өзгеріс жоқ. Барлық әлеуметтік төлем бұрынғы тәртіппен тағайындалып, төлене береді.