Бүгін, яғни 30 мамырдан бастап Алматыда «Тау Жүрек: Биік мәдениет» атты ауқымды жоба іске қосылды. Бастама аясында 100 мың қазақстандыққа таудағы қауіпсіздік, экологиялық мәдениет және табиғатқа жауапкершілікпен қарау қағидалары тегін үйретілмек, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жоба Президенттің «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында жүзеге асырылып отыр. Жоба авторы – Қазақстан альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті Нұрсұлтан Шоқанов.
Оның айтуынша, жобаны бастауға таудағы экологиялық жағдай мен қауіпсіздік мәселелері түрткі болған.
– Мен өзім тауда жиі болатындықтан, жалпы жағдайды өз көзіммен көріп жүрмін. Яғни, туристер саны көбейген сайын табиғатқа түсетін салмақ та артып келеді. Сондықтан бізге экологияны сақтап қана қоймай, келушілердің таудағы мінез-құлық мәдениетін өзгерту маңызды. Бұл – ең алдымен жастарымыз бен балаларымыз үшін қолға алынған жоба. Біз тау кластерінің игілігін көріп қана қоймай, оны келер ұрпаққа қандай күйде табыстайтынымыз үшін де жауаптымыз, – деп атап өтті Нұрсұлтан Шоқанов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы жылдары тауға шығатын адамдар саны көбейгендіктен, оқыс оқиғалар да саны артқан. Статистикаға сәйкес, таудағы төтенше жағдайлар шамамен 30 пайызға өскен. Көбіне 14-23 жас аралығындағы дайындықсыз жастар зардап шегеді. Тек 2025 жылдың өзінде құтқарушылар ондаған рет алғашқы медициналық көмек көрсетуге шыққан.
Жоба аясында балалар үйінің тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, студенттер, спортшылар, блогерлер мен журналистер қатысатын түрлі іс-шара ұйымдастырылады. Алғашқы танымдық тау жорығына «Солнышко» балалар үйінің 50 тәрбиеленушісі қатысады.
Бағдарлама барысында қатысушыларға тауда адасып қалмау, ауа райын дұрыс бағалау, өз мүмкіндігін есептеу, табиғатты ластамау және қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде дәрістер өткізіліп, тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылады. Сондай-ақ кәсіби альпинистер шатыр тігу, альпинистік түйіндер байлау және арнайы құрал-жабдықтарды пайдалану бойынша шеберлік сағаттарын өткізеді.
– Тауға шығу – жай ғана серуен емес. Бұл жауапкершілікті талап ететін ерекше орта. Сондықтан адамдарға қауіпсіздік ережелерін ғана емес, тау этикасын да үйреткіміз келеді. Табиғатты аялау, соқпақта кездескен адамдармен амандасу, қоқыс қалдырмау сияқты қарапайым қағидалардан үлкен мәдениет қалыптасады. Тауды құрметтеп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керек, – деді федерация президенті.
Жоба авторларының айтуынша, бастаманың басты мақсаты – қазақстандықтар арасында қауіпсіз туризм мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа жанашыр көзқарасты дамыту.