Сабақ бітті. Сайран салып, жас-желең кетті жайлауға. Кезекті сессиясы аяқталуға бір ай қалған Парламент партасындағылар дайындық деп жүр - сайлауға. Енді, тура бір айдан кейін экс-депутат аталатындар ала-жаздай теңіз жағалап, теңбіл-теңбіл болып күнге күйдіріле алмайды. Өйткені, кезектен тыс сайлау күтіп тұр. Соған қарап, биылғы жаздың былтырғыдан ыстық болатынын ішің сезеді. Әсіресе, саясаттың сары тегенесі салдырламаса да, қазаны біраз бұрқ-сарқ қайнайды енді. Нақтырақ айтсақ, қайнатады. Бірақ, бір қайран қалдыратыны сол бұрқ-сарқ қайнап жатқан қазанда халықтың шатағы да, шаруасы да жоқ. Олар үшін сайлаудың саяси сауыққа айналғалы қашан?! Сенбесеңіз есіңізге түсіріп көрейік…
Жалпы Қазақстанда Президент сайлауы болсын, Парламент сайлауы болсын атам заманнан алдын-ала сызылған сценарий бойынша өтеді. Бұл бұлжымас әрі бұлтартпас тәртіптітің бәрін айтып жатпай-ақ, Назарбаев қатысқан соңғы сайлауды еске алсақ.
2015 жыл. 14 ақпан. Аяқ астынан, ақпанның ақтүтек бораны секілді, ҚХА бұрқ еткізіп, мерзімінен бұрын Президент cайлауын өткізейік деп шықты. Бастаманы күн құрғатпай мәжілістегілер қолдады. Амалы таусылған Ақорданың сол кездегі иесі ақыры 2015 жылдың 26 сәуір күні елде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы Жарлыққа “қынжыла-қынжыла” қол қойды. Айтпағымыз ол сайлау емес. Сол сайлаудың сценариі. Сөйтіп, саяси аламанға Әбішұлы бастап, Қазақстан кәсіподақтар федерациясының бастығы Әбілғазы Құсайынов қостап, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Тұрғын Сыздықовқа тоқтап, үш үміткер ал келіп жарыссын. Назарбаевтың жайы айтпаса да түсінікті. Ал енді ана екі кандидат үшін халық қарадай күйіп пісті. Өйткені, екеуі саяси науқан кезінде Ақорда жазып берген тақырыптың төңірегінен тапырақтап шыға алмайды. Шығармады. Әйтпесе, Әбілғазы Құсайыновтың әлеуеті әлдекімдерден әлдеқайда кем деуден аулақпыз. Қанша дегенмен министр болған, әкім болған, халыққа жақындау жан. Бірақ, саяси науқанда «жұмысшылар құқығы», «еңбек қауіпсіздігі» деген екі ауыз сөзден басқа жұмған аузын ашпады. Қазақстан Коммунистік Халық партиясы өкілінікі тіптен қызық. Анау мынау емес, Президенттіктен үміткердің саяси бағдарламасында «фас-фудпен күресемін», «семіздік жайлап, дерт дендеп кетті» дегеннен басқа дені сау бір сөйлем болмады. Бұны іштері сезетін Құсайынов пен Сыздықов құсалықтан бір айғы үгіт насихатқа әзер шыдап, Б.Майлыбаев жазып берген бәдік, күлкілі, келемеж дүниелерді құсқылары келсе де, амал жоқ шыдап, әйтүп-бүйтіп айтып, әдемі ойнап берді әйтеуір... Ал одан кейін 2019 жылдың сәуірінде өткен Президент сайлауында Әміржан салған әнді жұрт әлі ұмыта қоймаған болар...
Соңғы өткен яғни, 2023 жылдың наурызында өткен Парламент сайлауын да жұрт жақсы біледі. Білген соң тағы аяқ-астынан «Республика» деген партия пайда бола кетіп, ғайыптан-тайып, саяси додадан үшінші орын алып, Ақорданың үмітін ақтағанын БАҚ беттері ашып айтпаса да, басқа жұрт жыр қылып айтып жүреді. Енді міне, «Әділет» партиясы да әп-сәтте құрылып, саясат сахнасына «әуп» деп атып шықты. Бұл жердегі аяқ-астынан, әп-сәтте деп әспеттеп отырғанымыздың бәрі бос әуре. Негізі бұндай саяси ойындар Ақордада алдын-ала талқыланып, ұзақ уақыт сүзгіден өтіп, екшеліп барып, елге жарқ етіп жария болады. Әрі, биліктің бұндай тосын сыйларына бұқараның еті әбден өліп кеткен.
Оған дәлел керісінше қоғамның өз тарапынан ұйымдастырылған «Ынтымақ» деп аталатын партия бұған дейін тіркелмек болып, бастамашыл топ екі рет Әділет министрлігінің табалдырығын аттаған. Екі ретінде де тіркеле алмады. Табандарынан таусылған олар «партиясы құрысын енді республикалық бірлестік құрайық»,-деп, 28 рет талпыныс жасайды. Оларынан да түк шықпайды. Биыл бірінші сәуірде топ жетекшісі Мейрам Қажыкен тағы бір рет өтініш берген. Бірақ, оған «бірлестік Жарғысында қате бар»,-деген, жауап алыпты.
Ал «Әділет» партиясы болса, аз күнде айтылып, қысқа уақытта құрылтайын өткізіп, алдағы саяси аламанға ат қосуға сақадай-сай отыр. Партия төрағасы анау-мынау емес, бұған дейін Президент әкімшілігін басқарған – Айбек Дәдебай. Ақордаға оппозиция емес, кересінше жақ позиция ұстанатынын да алғашқы съезінде Айбек мырза ашық айтты; «2026 жылғы 15 наурызда Президентіміздің бастамасымен бүкілхалықтық референдумда азаматтарымыз басым көпшілікпен жаңа Конституцияны қабылдады. Жаңа Конституция біздің тарихи мүмкіндігіміз, оның қағидалары болашағымыздың бағдары, сол бағдарды нақты әрі халқымызға пайдалы мазмұнмен толтыру сіз бен біздің міндетіміз»,-деп... Сосын жаңа партияның саяси Кеңесіне кірген 30 адамның есім-сойын оқыған ел «еее» деді де, қоя салды…
Сөйтіп ертеңгі жаз ешкімді жалықтырмаймын деп тұр. Сәтін салса, Құрылтай сайлауын өткізу туралы Ақорданың Жарлығы шамамен шілденің алғашқы күндері-ақ жария болып қалар. Сосын ала-шапқын басталады. Саяси партиялар өмірі аяқ баспаған ауылдарға барып, қойын құрттап, айранын ұрттап отырған жұрттан бастап, соқасын сүйреткен дихандар мен мал соңында жүрген шаруаларға дейін “Ұлттың мәселесін” ұлықтап естерін шығарады. Әсіресе, әшейінде әдірам қалатын әлеуметтік мәселелер «әкіреңдеп» алға шығып, дауыс жинаудың даусыз оңай олжасына айналады. Әрі, қалың қазақтың шын шымбайына бататын нағыз шындықты «Аманат» пен «Әділет» партиясы ұран етіп алады да, қалған партияларға атандап айтатын тақырыптары алдын-ала үлестіріледі. Құрылтайдың құрамына берілген 145 креслоның жоқ дегенде 5 пайыздық межесін бағындырып, 5 жыл отыру үшін олар да бел шешіп, белсеніп, аяқтары жеткен жерге дейін ала-өкпе болып жүгіреді. Айтпақшы, біздің елде ұлғаттты ұстаздарсыз сайлау өтсін бе?! Олар да жазғы демалыстарын сырып қойып, сайлау учаскелеріндегі жұмыстарына білектерін түріп, етең-жеңін сүріп қойып кіріседі…
Қазір ашық дерек көздеріне жүгінсеңіз Қазақстан халқының шамамен бестен бірі яғни, 17,9 пайызы партияларға мүше. «AMANAT»-та 800 мыңнан аса, «Ақ жолда» 300 мыңнан аса, Қазақстанның Халық партиясында 460 мыңнан аса, Ауыл партиясында 400 мыңнан аса, ЖСДП-да 140 мыңнан аса, Respublika-да 205 мыңнан аса, Байтақта 15 мыңға жуық, «Әділет»-те 9 мыңнан астам мүшелері бар. Міне, осы деректерді жіпке тізсеңіз елде шамамен 2,4 млн-нан астам адам саяси партияларға мүше. Ал сайлауға қатысып, дауыс беруге құқылы 11 млн-нан астам адам ешқандай партияға мүше емес екен…
БЕКӘЛІ ЖӘДІК