1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл мереке бастапқыда соғыс салдарынан ата-анасынан айырылған балаларды қолдау мақсатында енгізілгенімен, бүгінде балалар қауіпсіздігі, денсаулығы мен құқықтарын қорғау мәселесіне назар аударуға арналған күнге айналды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Finprom.kz зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын мыңдаған бала түрлі жарақат алып, жазатайым оқиғаларға ұшырап жатады.
Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығының мәліметінше, өткен жылы елде 179 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала жарақат алудан, уланудан және басқа да қауіпті жағдайлардан зардап шеккен.
Тағы бір өзекті мәселе – жасөспірімдер арасындағы суицид.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің дерегіне сәйкес, биылғы төрт айда Қазақстанда 74 бала өзіне қол жұмсаған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары болып отыр.
Зорлық-зомбылық пен қылмыстан қорғаудың маңызы
Биылғы қаңтар-сәуір айларында елімізде шамамен 1,5 мың бала қылмыс құрбаны болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға көп.
Өткен жылы 543 бала соққыға жығылып, 480-нен астамы денсаулыққа қасақана зиян келтіру дерегі бойынша жәбірленуші ретінде танылған.
Сондай-ақ 700-ден астам кәмелетке толмаған бала жыныстық қолсұғушылыққа қатысты қылмыстардың құрбанына айналған.
Сарапшылардың айтуынша, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың бір бөлігі отбасы ішінде жасалады.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуіне сәйкес, респонденттердің 8 пайызы бала тәрбиелеу мақсатында күш қолдануды ақтауға болады деп есептейді. Ал 29,5 пайызы кейбір жағдайда мұндай әрекетке жол берілуі мүмкін деген пікір айтады.
Мамандар балаларды қорғау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-аналар мен қоғамның да ортақ міндеті екенін айтады.
Себебі бала қауіпсіздігі – ел болашағына салынған инвестиция.