Ішкі істер министрлігі Қазақстанда жоспарланып отырған қылмыстық және әкімшілік амнистияға кімдердің ілігуі мүмкін екенін түсіндірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, қылмыстық амнистия қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыс жасаған азаматтарға қатысты қолданылады. Сондай-ақ ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталғандар да, егер келтірілген залал толық өтелсе немесе мүлде болмаған жағдайда, амнистияға ілігуі мүмкін.
Ал әкімшілік амнистия аясында азаматтар, жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын тұлғалар 2026 жылғы 17 наурызға дейін жасалған құқық бұзушылықтар бойынша төленбеген әкімшілік айыппұлдардан босатылуы ықтимал.
ІІМ мәліметінше, қылмыстық амнистия 15 мыңнан астам адамды қамтуы мүмкін. Оның ішінде 1,5 мыңға жуық сотталған азамат бар.
Сонымен қатар амнистия террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағандарға, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне, азаптау және жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін сотталғандарға қолданылмайды. Мас күйінде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу секілді өрескел жол ережесін бұзғандар да әкімшілік амнистиядан тыс қалады.
Қазіргі уақытта амнистия туралы заң жобасы Мәжілістің қарауында.