Отбасы банктің қолдауымен 8 031 қазақстандық жалдамалы тұрғын үйге ие болды. Олардың басым бөлігі тұрғын үй кезегінде 20 жылдан астам уақыт тұрған азаматтар, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Банк мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйегінен бері жергілікті әкімдіктер Отбасы банкке 12 760 жалдамалы пәтер тапсырған. Қазіргі уақытта олардың көпшілігі иелеріне берілген. Ал өңірлерде тағы 4 729 пәтерді бөлу жұмыстары жалғасып жатыр.
Жалдамалы тұрғын үйге қол жеткізгендердің қатарында 1 651 көпбалалы отбасы, I және II топтағы мүгедектігі бар 1 304 азамат, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған 1 271 отбасы және 1 178 жетім бала бар.
Сонымен қатар әкімдіктер Отбасы банкке 11 417 кредиттік пәтер тапсырған. Оның 5 016-сы жеңілдетілген шарттармен сатылып, жаңа иелерін тапқан. Бұл баспаналарды сатып алу үшін азаматтарға жылдық 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі.
Қазіргі таңда Қазақстан бойынша тұрғын үй кезегінде 982 мыңнан астам адам тұр. Оның шамамен 311 мыңы баспананы бірінші кезекте алуға құқылы санаттарға жатады.