Батыс Қазақстан облысында алимент төлеуден жалтарған ер адам 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі 5 мамырда шыққан.
Сот мәліметінше, борышкер бір жылдан астам уақыт бойы кәмелетке толмаған баласын асырау туралы сот шешімін орындамаған. Соның салдарынан алимент бойынша 4 миллион теңге қарыз жиналған.
Сондай-ақ ер адамның бұған дейін де осындай құқықбұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Алайда рақымшылыққа ілініп, жазадан босатылған. Соған қарамастан, ол ата-аналық міндетін орындаудан жалтаруын тоқтатпаған.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Прокуратура мәліметінше, биылғы төрт айда Батыс Қазақстан облысында алимент төлемеуге байланысты 21 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 7 іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылса, 5 іс бойынша айыптау үкімі шыққан. Қалған істер әлі қаралып жатыр.