Жазғы маусымда жолаушылар санының артуына байланысты ұлттық тасымалдаушы үш қосымша қала маңы пойызын іске қосады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ҚТЖ мәліметінше, маусым айынан бастап Қарағанды – Балқаш, Семей – Достық және Өскемен – Достық бағыттары бойынша пойыздар қатынай бастайды. Бұл өңірлер арасындағы қатынасты жеңілдетіп, жазғы демалыс кезінде жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
№220/219 «Қарағанды – Балқаш» пойызы 1 маусымнан бастап күн ара жүреді. Ол Қарағандыдан таңғы сағат 06:00-де шығып, Балқашқа 12:48-де жетеді. Кері бағытта 13:45-те жолға шығып, Қарағандыға 20:53-те келеді.
Ал 3 маусымнан бастап Семей – Достық және Өскемен – Достық бағыттарындағы пойыздар да күн ара қатынайды. Әр пойыз жол бойындағы 22 станцияға тоқтайды.
Билеттерді bilet.railways.kz сайты, теміржол кассалары және мобильді қосымшалар арқылы сатып алуға болады. Қосымша ақпаратты 1433 нөмірі арқылы білуге болады.