homepage
Depositphotos.com

Ақтөбеде 50 млн теңге бопсалаған тергеуші ұзақ жылға сотталды

29.05.2026, 15:37

Ақтөбеде 50 миллион теңге пара талап еткен тергеуші 10 жылға сотталды. Сондай-ақ сот оны жәбірленушіге моральдық өтемақы ретінде 2 миллион теңге төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Диапазон» басылымының жазуынша, Ақтөбедегі мамандандырылған сотта Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға тергеушісі Ермек Махамбетовке және осы департаменттің екінші жедел басқармасы бастығының орынбасары Даулет Саринге қатысты үкім шықты.

Тергеу мәліметінше, Махамбетовтың өндірісіне «қаржы пирамидасын ұйымдастыру» бабы бойынша тұтыну кооперативі өкіліне қатысты қылмыстық іс түскен. Осыдан кейін тергеуші күдіктіні пара беруге мәжбүрлейтін жағдай жасауға тырысқан. Ол оған ұзақ мерзімге сотталуы мүмкін екенін айтып қорқытып, кейін істі тоқтату үшін 50 миллион теңге талап еткен.

Айыптау нұсқасына сәйкес, Махамбетов әріптесі Даулет Саринді де пара алуға делдал болуға көндірген. Алайда кооператив өкілі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгінген. Сарин жалған ақша салынған доллар түріндегі параны алып жатқан кезде ұсталған. Кейін Ермек Махамбетов та қолға түскен.

Сотта Ермек Махамбетов пара алуға оқталды деп айыпталса, Даулет Сарин парақорлыққа делдал болды деп танылды. Резонанс тудырған іс Ақтөбедегі мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта қаралды.

Сот үкімімен Махамбетов 10 жылға бас бостандығынан айырылды, ал Сарин 2 жылға сотталды. Екеуіне де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.

Сонымен қатар сот Махамбетовті жәбірленушіге 2 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.