Астанада көпқабатты тұрғын үйдің жетінші қабатынан құлаған 4 жастағы қыз көз жұмды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Syrmediakz жазуынша, қайғылы оқиға Қосшығұлұлы көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, бүлдіршін терезеден масаға қарсы торымен бірге құлап кеткен. Ауыр жарақат алған бала оқиға орнында жан тапсырды.
Оқиға орнына жедел қызмет өкілдері дереу жеткен. Куәгерлердің айтуынша, өрт сөндіру көлігінің үйге жақындауына аулаға ретсіз қойылған көліктер кедергі келтірген.
Астана қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауға, терезені ашық ұстамауға және маса торына сенбеуге шақырды. Мамандардың айтуынша, мұндай торлар баланың салмағын көтере алмайды.
Сондай-ақ терезелерге арнайы бекіткіштер орнатып, жиһазды терезе маңынан алыс қою қажеттігі ескертілді.