Қазақстанда ет өнімдерінің бағасы айтарлықтай өсіп жатыр. Әсіресе қой еті мен сиыр еті едәуір қымбаттаған. Сарапшылар мұндай көрсеткішке өндірістің тұрақсыздығы мен шығынның көбеюі себеп болып отырғанын айтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қой еті мен сиыр еті қатты қымбаттады
Energyprom зерттеуінше, 2026 жылдың сәуірінде қой еті бір жылда 23,5%-ға, сиыр еті 20,9%-ға қымбаттаған. Сондай-ақ жылқы еті 14,5%-ға, шошқа еті 13,7%-ға өскен.
Қазір ел бойынша сиыр етінің орташа бағасы – 3,7 мың теңге, қой еті – 4 мың теңге, жылқы еті 4,1 мың теңге шамасында сатылып жатыр.
Ет бағасы әсіресе Алматы мен Ақтауда жоғары болып отыр. Алматыда сиыр еті 4 мың теңгеден асса, Ақтауда жылқы еті 4,6 мың теңгеге дейін жеткен.
Өндіріс азайып, сұраныс өзгерген
Биылғы қаңтар-сәуір айларында Қазақстанда 25,7 мың тонна ет өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,8%-ға аз.
Сарапшылар соңғы жылдары ет өндірісінде тұрақты өсім жоқ екенін айтады.
Соған қарамастан, қазақстандықтар сиыр еті мен жылқы етін көбірек тұтына бастаған. Ал қой еті мен шошқа етіне сұраныс азайып келеді. Мамандар мұны бағаның өсуімен байланыстырады.
Өндірушілер үшін де мал бағасы қымбаттап жатыр. Мысалы, ірі қараның тірі салмақтағы бір тоннасының бағасы 1,4 млн теңгеге дейін өскен.
Сарапшылардың пікірінше, өндірістің баяу өсуі мен шығындардың көбеюі алдағы уақытта да ет бағасының төмендеуіне мүмкіндік бермейді.