Ақмола облысында 17 жастағы жасөспірім кене шаққаннан кейін ауыр хәлде ауруханаға түсті. Дәрігерлер оған «кене энцефалиті» диагнозын қойды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
“7-арна” хабарлауынша, жасөспірімді кене 16 мамырда орманда шаққан. Алайда ол бірден дәрігерге қаралмаған. Соның салдарынан жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне жеткізілген.
Қазір дәрігерлер инфекцияның асқынуын тоқтатуға тырысып жатыр.
Өңірде биыл кене шаққан 500-ге жуық адам медициналық көмекке жүгінген. Үш адамнан кене энцефалиті анықталды. Олар Бурабай және Сандықтау аудандарының тұрғындары.
Дәрігерлердің айтуынша, кене энцефалиті жүйке жүйесін зақымдап, ми мен жұлынға әсер етуі мүмкін. Ауру асқынған жағдайда адамның толық сауығып кетуі қиын.
Мамандар кене шаққаннан кейін 7–14 күн ішінде дене қызуы көтеріліп, бас қатты ауырып, тырысу немесе иіс сезудің жоғалуы сияқты белгілер пайда болса, дереу дәрігерге қаралу керегін ескертеді.