homepage
polisia.kz

Жамбыл облысында арнайы жасақ инспекторы өзіне оқ атып көз жұмды

29.05.2026, 10:19

Жамбыл облысында арнайы жедел әрекет ету жасағының (СОБР) инспекторы оқ жарақатынан қаза тапты. Қайғылы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға Қордай аудандық полиция бөлімінің ғимаратында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, 1995 жылы туған инспектор казарма дәлізінде қызметтік қарумен өз-өзіне оқ атқан.

Ауыр жараланған полиция қызметкері жедел түрде орталық аудандық ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер көмегіне қарамастан, ол есін жимастан көз жұмған.

Жамбыл облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

“Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қызметтік тексеріс тағайындалды”, – делінген хабарламада.

Полицияның алдын ала мәліметінше, бұл жағдай қызметтік міндетке байланысты емес.