homepage
Көрнекі фото: mgorod.kz

Ақмола облысында көкпар ойыны кезінде оқушы қаза тапты

28.05.2026, 16:57

Ақмола облысына қарасты Рахымжан Қошқарбаев ауылында көкпар ойыны кезінде 8-сынып оқушысы қаза болды. Қайғылы жағдай 26 мамырда болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Полиция мәліметінше, 2012 жылы туған жасөспірім ат үстінде ойнап жүріп құлап, ауыр жарақат алған. Оны ауруханаға жеткізуге тырысқанымен, бала жолда көз жұмған.

«Оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды», – делінген облыстық ПД хабарламасында.

Құқық қорғау органдары балалардың қауіпсіздігіне кім жауапты болғанын және шараны кім ұйымдастырғанын анықтап жатыр.

Turar Media жазуынша, аудан әкімдігі бұл ойынның жергілікті билікпен ресми келісілмегенін мәлімдеген.

Ал облыстық білім басқармасы оқиға сабақтан тыс уақытта, балалардың ашық алаңда атқа мінуі кезінде болғанын хабарлады.

Сонымен қатар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы аталған ауылдағы көкпар секциясы өздеріне қарамайтынын, мемлекеттік спорт мектептерінің филиалдары жоқ екенін айтты.

Соған қарамастан, тергеу барысында бұл жай ғана балалардың ойыны емес, ұйымдастырылған жаттығу болуы мүмкін деген нұсқа да қарастырылып жатыр.

«Тергеу аясында жаттығуды ұйымдастырған және балалардың қауіпсіздігіне жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деп мәлімдеді Ақмола облыстық полиция департаменті.