Жапония астанасы Токио қаласында Азия қазақтарының кіші құрылтайы бастау алды. Ауқымды шараның алғашқы күні Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшілігінде қазақ диаспорасы жетекшілерінің қатысуымен өткен маңызды кездесуге ұласты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Басқосу барысында Малайзия, Жапония, Оңтүстік Корея және Моңғолиядағы қазақ қауымдастықтары Азия қазақтарының кеңесін құру туралы меморандумға қол қойды. Жаңадан құрылған бұл институт Азия елдеріндегі қазақ қауымдастықтарының қызметін үйлестіруге, ұлттық мәдениетті сақтауға және өзара іскерлік байланыстарды дамытуға бағытталады. Жиынға қатысқан «Отандастар қоры» КеАҚ Президенті Данияр Қадыров бұл қадамның маңыздылығын атап өтіп, Азиядағы отандастармен мәдени-гуманитарлық бағыттағы жұмыс жаңа деңгейге көтерілгенін мәлімдеді.
Халықаралық басқосу аясында шетелдегі қандастардың соңғы жылдары қол жеткізген елеулі жетістіктері де жария етілді. Атап айтқанда, Малайзиядағы қазақ диаспорасының жетекшісі Баян Нишан көпжылғы келіссөздердің нәтижесінде жергілікті үкімет қазақстандық ҰБТ (Ұлттық бірыңғай тестілеу) қорытындысын ресми түрде мойындағанын жеткізді. Бұл шешім отандық мектеп бітірушілерге ҰБТ балымен Малайзияның жетекші университеттеріне тікелей оқуға түсуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Оңтүстік Кореядағы «Qazaq Nomad» орталығының өкілі Есім Ли Сеул төрінде арнайы мәдени орталықтың ашылғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл орталық қазіргі таңда Кореядағы қазақ диаспорасының жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, қандастардың басын қосатын негізгі ошаққа айналған. Қол қойылған меморандум аясында Кеңес мүшелері алдағы уақытта мәдени-гуманитарлық жобаларды бірлесіп іске асырумен қатар, аймақтағы жаңадан құрылған қазақ қауымдастықтарына жан-жақты консультациялық көмек көрсетуді де көздеп отыр.