homepage
Depositphotos.com

Қаржы пирамидасын қалай бірден анықтауға болады

28.05.2026, 16:32

Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарды қаржы пирамидаларынан сақ болуға шақырды. Ведомство мұндай схемаларға салынған қаражаттың көп жағдайда толық жоғалатынын ескертті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Мамандардың айтуынша, қаржы пирамидалары бүгінде әлеуметтік желі, мессенджерлер мен түрлі «инвестициялық жобалар» арқылы белсенді таралып жатыр. Олардың негізгі мақсаты – жаңа қатысушылардың ақшасы есебінен бұрынғы салымшыларға төлем жасау.

Қаржы пирамидасының негізгі белгілері

Агенттік азаматтарға мынадай жағдайларда сақ болуға кеңес береді:

  • нарықтан әлдеқайда жоғары әрі «кепілдендірілген» табыс уәде етілсе;
  • жаңа қатысушылар тарту талап етілсе;
  • компанияда ресми лицензия болмаса;
  • төлемдер қолма-қол ақша немесе күмәнді электронды әмияндар арқылы жүргізілсе;
  • «инвестициялық клуб», «қаржы орталығы», «онлайн-бизнес» секілді атаулар қолданылса.

Сондай-ақ алаяқтар жалған букмекерлік платформалар мен крипто-жобалар арқылы да адамдарды алдайтыны айтылды.

Алаяқтықтан қалай қорғануға болады?

Ведомство қаржы ұйымының лицензиясын міндетті түрде тексеруге, «оңай табыс» туралы уәделерге сенбеуге және күмәнді чаттар мен жабық топтардан аулақ болуға шақырды.

Егер азаматтар алаяқтық белгілерін байқаса, полицияға және Қаржылық мониторинг агенттігіне жедел хабарласу қажет. Сонымен қатар барлық чек, хат-хабар және аударым дәлелдерін сақтау маңызды.

Айта кетейік, Қазақстанда қаржы пирамидасын құру және тарату қылмыстық жауапкершілікке жатады. ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес, кінәлілер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.