Қазақстанда жолбарысты тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жобасының маңызды кезеңі басталды. Ресейден «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына төрт амур жолбарысы – екі ересек дарақ пен екі күшік жеткізілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жыртқыштар Хабаровск өлкесінің жабайы табиғатынан ұсталып, халықаралық табиғат қорғау бағдарламасы аясында Қазақстанға берілген.
Жолбарысты Балқаш өңіріне қайтару жобасы
Бұл жоба 70 жылдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен жолбарыс популяциясын Орталық Азияда қайта қалпына келтіруге бағытталған.
Қазақстан аталған бастамаға 2010 жылы Санкт-Петербургте өткен халықаралық форумнан кейін кіріскен.
Ғалымдардың зерттеуінше, амур және тұран жолбарыстары бір түрге жатады, сондықтан амур жолбарысын Іле-Балқаш өңіріне бейімдеу ғылыми тұрғыда мүмкін деп танылған.
Жобаны жүзеге асыру үшін оңтүстік Балқаш аймағында арнайы резерват құрылып, жануарларды ұстау мен бейімдеуге арналған инфрақұрылым дайындалған.
Жолбарыстар бақылауда болады
Қазақстанға жеткізілген жануарлар әзірге арнайы қоршауда ұсталып, карантин мен бейімдеу кезеңінен өтеді.
Кейін табиғи ортаға жіберілер алдында олардың мойнына спутниктік қарғыбау тағылады. Бұл мамандарға жолбарыстардың қозғалысын бақылап отыруға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, Іле-Балқаш өңірінде жолбарыс популяциясын қалыптастыру экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және биоалуантүрлілікті арттыруға ықпал етеді.