homepage
Depositphotos

Пластикалық хирургия мен косметология саласына бақылау күшейтілуі мүмкін

28.05.2026, 14:37

Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Ерлан Саиров премьер-министр Олжас Бектенов пен Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, пластикалық хирургия және эстетикалық медицина саласындағы бақылауды күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Депутаттың айтуынша, Ақтау мен Алматыдағы липосакциядан кейін пациенттердің көз жұмуы қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызған. Ол бұл жағдайлар жекелеген оқиға емес, саладағы жүйелі мәселенің белгісі екенін атап өтті.

«Бүгінде бұл жай ғана жекелеген оқиға емес, азаматтардың қауіпсіздігіне, медициналық қызмет сапасына және эстетикалық медицина саласындағы мемлекеттік бақылаудың тиімділігіне қатысты мәселе болып отыр», – деді Ерлан Сайыров.

Ол 2024 жылы депутаттар заңсыз медициналық қызмет пен жалған мамандар мәселесін көтергенін еске салды. Сол кезде Үкімет 2023 жылдың өзінде заңсыз медициналық қызмет үшін 674 әкімшілік хаттама толтырылғанын мәлімдеген.

Тексерілген жағдайлардың 60 пайыздан астамында заңбұзушылықтар анықталған.

Кей клиника жаңа атаумен жұмысын жалғастырып кеткен

Депутат қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 260 медициналық ұйым пластикалық хирургия қызметін көрсететінін айтты. Эстетикалық медицина нарығы ондаған миллиард теңгеге бағаланып отыр.

«Маңдайшасы мен компания атауы өзгереді, бірақ мекенжайы мен қызметкерлері сол күйінде қалады. Бақылау жүйесі үшін бұл жаңа клиника болып көрінеді», – деді ол.

Саиров әлеуметтік желілерде липосакция сияқты операциялардың «жеңіл әрі қауіпсіз процедура» ретінде жарнамаланатынына да алаңдаушылық білдірді.

«Липосакция – ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін толыққанды хирургиялық операция. Сұлулық құрбандықты талап етуі мүмкін, бірақ ол адам өмірімен өлшенбеуі тиіс», – деді депутат.

Оның айтуынша, мұндай операциялар ауыр асқынуларға, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін.

Қандай шаралар ұсынылды?

Мәжіліс депутаты:

  • пластикалық хирургия және эстетикалық медицина қызметін көрсететін жекеменшік клиникаларды кешенді тексеруден өткізуді;
  • лицензия беру тәртібін қатаңдатуды;
  • эстетикалық операциялардан кейінгі асқынулар мен өлім-жітім статистикасын ашық жариялауды;
  • интернет пен әлеуметтік желідегі жарнамаларды бақылауды күшейтуді ұсынды.

Сонымен қатар Бас прокуратурадан клиникалардың лицензиялық талаптарды сақтауын, мамандардың біліктілігін, қажетті жабдықтардың болуын және шұғыл көмек көрсетуге дайындығын тексеру сұралды.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда 49 жастағы Ербол Айтуов иек тұсына липосакция жасатпақ болып, наркоз салу кезінде жағдайы күрт нашарлаған. Бір айдан кейін ол қайтыс болды.

Сондай-ақ блогер Сауле Ермаханованың да липосакциядан кейін жекеменшік клиникада көз жұмғаны хабарланған еді.