homepage
Depositphotos.com

Салықтан жалтарған жүздеген компания анықталды: ҚҚС бойынша бақылау күшейтіледі

28.05.2026, 11:48

Мемлекеттік кірістер органдары кәсіпорындарды қайта ұйымдастыруды пайдаланып, салықтық жеңілдіктерді заңсыз алуға тырысқан жағдайларды анықтап жатыр. Әсіресе, кейбір компания қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша міндеттемеден жалтару үшін осы тәсілді қолданған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ресми мәліметке сәйкес, 2021-2024 жылдары қайта ұйымдастыру кезінде ҚҚС сомасын негізсіз пайдаланған 263 заңды тұлға анықталған.

Жалпы көлемі 31,7 млрд теңгеге жеткен бұл сомалар есептен шығарылып, нәтижесінде бюджетке 3 млрд теңге түскен. Сонымен қатар ҚҚС бойынша артық сома 20 млрд теңгеге қысқартылған.

Мемлекеттік кірістер комитеті мұндай әрекеттердің заңсыз екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстардың заңдылығын сот та қолдаған.

Қазірге дейін кассациялық соттарда қаралған 10-нан астам істің барлығы салық органдарының пайдасына шешілген.

2026 жылдан бастап жаңа талап күшіне енеді

Салықтан жалтару схемаларын болдырмау үшін Салық кодексіне өзгерістер енгізілген. Енді 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпорынды қайта ұйымдастыру белгілі бір салықтық тексерулерден кейін ғана жүзеге асырылады.

Жаңа талапқа сәйкес:

  • кей жағдайда камералдық бақылау жүргізіледі;
  • қалған жағдайларда толық салықтық тексеру тағайындалады.

Жеңілдетілген тәртіпті пайдалану үшін кәсіпорын бірнеше талапқа сай болуы қажет. Оның ішінде ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеуі, айналым көлемінің төмен болуы және салық берешегінің болмауы ескеріледі.

Сондай-ақ 300 айлық есептік көрсеткіштен асатын ҚҚС сомасын құқық мирасқорына беру тек кешенді салықтық тексеру арқылы расталған жағдайда ғана мүмкін болады.

Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерді салық заңнамасын қатаң сақтауға шақырып, талаптарды бұзғандарға жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.