Ұлттық ұланда әскери борышын өтеп жүрген кезінде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар қайтадан жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Србаздың жақындары мен отбасының мүддесін қорғап жүрген құқық қорғаушы Инга Иманбайдың хабарлауынша, 26 мамырда Ербаян шұғыл түрде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілген.
Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Жақындарының айтуынша, Түркияда өткен ұзақ оңалту емінен кейін Ербаянның жағдайы біршама жақсарған болатын. Алайда соңғы күндері денсаулығы күрт нашарлап кеткен.
Құқық қорғаушы Инга Иманбай қазақстандықтарды сарбазға қолдау көрсетуге шақырды.
«Қазір дұға мен қолдау өте маңызды. Бұл Ербаянның өзіне де, отбасы үшін де үлкен демеу болады», – деді ол.
Қоғамда резонанс тудырған оқиға
Еске салайық, Ербаян Мұхтар Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде мерзімді қызмет атқарған. 2023 жылдың желтоқсанында ол ауыр бас-ми жарақатын алып, комаға түскен еді.
Әскери бөлім басшылығы сарбаздың дәретханада құлап, басын плиткаға соғып алғанын айтқан. Алайда туыстары бұл нұсқаға күмән келтіріп, оның соққыға жығылған болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Дәрігерлер Ербаяннан ауыр ми жарақатын, субдуралды гематоманы, желке сүйегінің сынуын және өзге де ауыр жарақаттарды анықтаған болатын. Кейін бұл іс қоғамда қызу талқыланып, тергеу басталды.
Ербаянның еміне қазақстандықтар 220 миллион теңгеден астам қаражат жинаған. Сонымен қатар мемлекет тарапынан да көмек көрсетіліп, ол Түркияда бірнеше кезеңдік ем қабылдаған болатын.